Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қалалардың арасында Сығанақ қаласының алатын орны ерекше. Қала Сырдарияның ортаңғы ағысындағы ортағасырларда мәдениеті мен экономикасы, қолөнері мен саудасы, егіншілігі мен мал шаруашылығы қатар дамыған орталықтардың бірі болған. Қаланың жазық жерде орналасқандығынан, қаладағы бұрынғы құрылыстардың орындарын пішіні мен көлемі әртүрлі үйінді төмпешектерден анық байқауға болады. Сығанақ қаласы ортағасырларда тоғыз жолдың торабында орналасқан ірі қалалардың бірі ретінде танылды. Ұлы Жібек жолы арқылы әлемнің түкпір-түкпірінен келген саудагерлер мен саяхатшылар қалада болып, сауда-саттық жасап, қаланың өмірімен, тарихымен, мәдениетімен, ғылым және білім ордаларымен танысып, өз еңбектерінде баяндады.